Мемлекет басшысы шетелдік грант алушыларды сынға алды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бірнеше өзекті сын-қатерлерді айқындап, халық бірлігінің мемлекет пен егемендіктің тірегі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы белгілі бір топтардың қызметіне принципті бағасын берді, олар өздерін сөз бостандығы мен адам құқықтарының қорғаушысы деп танытып, іс жүзінде елге қарсы деструктивті жұмыстар жүргізіп жатыр.
"Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті.
"Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн",- деп баса айтты.
Мұнымен қоса, президент жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленгенін, сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінгендігін айтты."Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды", деді ол.
"Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді". Президент
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қазақстандықтарды марапаттағаны хабарланған болатын.