2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау қашан басталып, қашан аяқталады

ҰБТ, 2025 жыл, негізгі ҰБТ, өтініштер , сурет - Zakon.kz жаңалық 28.04.2025 17:38 Сурет: Ұлттық тестілеу орталығы
2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталды. Бұл туралы бүгін, 28 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Келтірілген мәліметке сәйкес, тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады.
"Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады. 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген (2024 жылы – 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш)".  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

ҰБТ-ға өтініш берушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 16,5%-ы "Математика-Физика", 15,6%-ы "Биология-Химия" пәндер комбинациясын таңдады. 9,7%-ы "Математика-Информатика" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 285 адам тапсыруды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш берген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.

Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында енгізілген әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау бар.  Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімдерін арттыру ұсынылған болатын. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған.

  • Оқу жылының басында ҰТО сайтында оқулықтар тізімі мен тест жоспары;
  • "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі;
  • "Информатика" пәнінен терминдер тізімі;
  • "Қазақ әдебиеті" және "Орыс әдебиеті" бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

Ғылым министрлігі ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалатынын ескертті, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан.

Жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әрбір адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Мазмұны бойынша апелляцияға өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге, ал техникалық апелляция бойынша өтінішті тестілеу барысында беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Талапкердің жеке кабинетінде Республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі көрсетіледі. Республикалық апелляциялық комиссия отырысы басталғанға дейін апелляция өтінішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүмкіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алғаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде бір жұмыс күні ішінде қолжетімді болады.

Шекті балл өзгеріссіз қалды:

  • "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл,
  • "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" үшін кемінде 70 балл жинау қажет;
  • ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл,
  • ал басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, ұялы телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі. 

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі.

"Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады". ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Айта кетсек, 2025 жылғы 25 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің (МЖМ) Ұлттық тестілеу орталығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысушыларды толғандыратын маңызды ақпаратты таратты.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: