Жамбыл облысында "Қызғалдақ мұра" халықаралық фестивалі өтеді

Қызғалдақ, Жамбыл облысы, Қызғалдақ мұра, халықаралық фестиваль, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.04.2025 22:03 Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жер жаһанға Грейг қызғалдағының "отаны" ретінде танылған Жамбыл облысы көктемде қызыл кілемге оранғандай құлпырады. Сәуір-мамыр айларында өңірдің жазиралы даласы алқызыл, сары, қызғылт түсті қызғалдақтармен көмкеріліп, табиғаттың ғажайып көрінісін сыйлайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осы ерекшелікті ескере отырып, 2025 жылдың 2-3 мамыр күндері Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Талас ауданы, Есейхан ауылы, Қаратау тауының бөктерінде "Қызғалдақ мұра" халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев фестиваль аясында өтетін іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Фестивальдің мақсаты – Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру, қызғалдақтардың табиғи өсу ортасын сақтау және мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.

Қызғалдақ, Жамбыл облысы, Қызғалдақ мұра, халықаралық фестиваль, туризм, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.04.2025 22:03

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық деңгейдегі шараға Германия, Украина, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан келген шетелдік қонақтар қатысады деп күтілуде.

Екі күндік фестиваль аясында ғылыми конференция, флористерге арналған шеберлік сыныптары, ұлттық спорт ойындары, сән көрсетілімі, қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Конференцияда әлемнің белгілі ғалымдары, сарапшылар, ботаника, экология, жаратылыстану ғылымдарының мамандары, шетелдік және отандық зерттеушілер қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтау және оларды қорғау мәселелерін жан-жақты талқылайды. Конференция қонақтары үшін тарихи-мәдени нысандарға экскурсия ұйымдастырылады.

Нидерланды, Қырғыз Республикасының және өңірдің жетекші флористері қатысушыларға гүл шоғын жасау өнерінің қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге флористер достастық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Бұл бастама елдер арасындағы гүл өсіру мәдениеті мен шығармашылықтың берік негізін қаламақ.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Табиғат аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату, тазы иттер жарысы бойынша жеңімпаздар белгілі болады.

Сән көрсетілімі "Қызғалдақ сәні" тақырыбына арналады. Жергілікті 14 дизайнер заманауи және ұлттық нақыштағы сән үлгілерін көпшілік назарына ұсынады.

Сондай-ақ "Қымызмұрындық" рәсімі аясында "үздік бие сауушы" анықталады. "Қазық қағу", "Бие байлау" дәстүрлері дәріптеліп, "Қымыз ашыту" бойынша шеберлік сағаты өтеді. 

100 қолөнершінің қатысуымен 20х10 метрлік қызғалдақ бейнесі салынған киіз басылып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енгізілмек.

Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін тамақ пен сусын сатылатын фудкорт ұйымдастырылады.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: