Қазақстан Қытайды құс етімен қамтамасыз етпек

"24KZ" телеарнасының ақпаратынша, 21 мамырда Алматыда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытайдың Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь құс етін экспорттауға қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойды.Енді өнімді сертификаттау мен компаниялардың тізімін бекіту жөнінде жұмыс атқарылады. Бүгінде шығыстағы көрші елдің нарығында қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары.
Осы уақытқа дейін бұл салада 11 хаттама бекітілді. Қытайға экспорттауға рұқсат етілген тауарлар тізбесіне өсімдік және мал шаруашылығының 29 түрі енгізілді. Экспорттаушылар тізімінде 2,5 мыңға жуық қазақстандық кәсіпорын бар. Енді жаңа келісімшарт, екі ел арасындағы сауда-саттықты ұлғайтуға септігін тигізеді.
"Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Қытайға құс етін экспорттауға келісім болған жоқ. Бұл құс өндірушілерге үлкен бір қолдау болатын болды. Сондықтан енді біз тосып отырмыз осы хаттамаға қол қойылғаннан кейін Қытайдан инспекция келіп байқап, сосын экспорт басталатын болады. Жалпы бұл мәселе қалай шешілгенін айта кететін болсақ, былтыр желтоқсан айында 2024 жылы жұмыс тобын құрған болатынбыз. Сол жұмыс тобы үлкен жұмыс жасап, соның нәтижесінде бүгін хаттамаға қол қойдық". Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
Бұған дейін Алматыдағы метро депосының аумағында антитеррорлық оқу-жаттығулар өтетіндігі жайлы жазған болатынбыз.