Қазақстандық онкологтар қатерлі ісікке қарсы жаңа отандық дәрінің қашан тіркеуден өтуі мүмкін екенін айтты

2025 жылғы 10 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ербол Бекмұхамбетов Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа онкологиялық препарат туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, бұл препарат қазіргі уақытта Онкология институтында және Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта клиникалық сынақтан өтуде.
"Препарат заманауи химиотерапияның барлық мүмкіндіктерін тауысып, бірнеше мәрте емдеу сызбасы өзгергенімен, ауруы үдей түскен науқастарға арналған. Қазіргі таңда клиникалық зерттеулер жалғасып жатыр, әлі аяқталған жоқ. Қазір екінші фаза өтіп жатыр. Бұл кезеңде белсенді заттың ең тиімді дозасы таңдалады – жақсы нәтиже көрсетуі және жанама әсерлері аз болуы үшін. Осы сынақтар аяқталған соң, препаратты тіркеу рәсімі басталады. Әзірге клиникалық сынақтар жүріп жатыр", – деді ол.
Оның айтуынша, бұл дәрі 4-ші сатыдағы онкологиялық ауруы бар науқастарға қолданылып жатыр.
"Біз үшін кез келген тұрақтану – бұл оң нәтиже. Біз барлық клиникалық материал толық жиналған соң, бұл туралы жан-жақты мәлімет береміз. Биылғы жылдың соңына дейін осы сынақ фазасы міндетті түрде жалғасады, содан кейін ғана нәтижелері белгілі болады", – деді Ербол Бекмұхамбетов.
Бұған дейін Алматыда дәрігерлер бірегей ота жасап, сәбиді аман алып қалғанын жазған болатынбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript