Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің қауіпті екені туралы қауесетті жоққа шығарды

Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің қауіпті екені туралы қауесетті жоққа шығарды, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.07.2025 10:48 Сурет: wikimedia/Andrey Giljov
Әлеуметтік желілерде киік етін жеу арқылы жұқпалы ауру жұқтыру мүмкіндігі туралы ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәліметтерді Ауыл шаруашылығы министрлігі теріске шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрліктің мәліметінше, киіктің санын реттеу жұмыстарын "Охотзоопром" РМК қызметкерлері жүзеге асырады. Аңшылық жолмен алынған киіктің еті арнайы рефрижераторларға салынып, мал сою пункттеріне жеткізіледі. Онда ветеринарлық тексеруден кейін ет ветеринарлық-санитарлық сараптамаға жіберіледі.

"Киік еті міндетті зерттеуден өтеді. Алдымен көзбен көру арқылы — мүшелер мен ішкі органдар, бастың ашылып, лимфа түйіндері мен органдардың кесіліп қаралуы, одан кейін — қайнатып көру, финноз (цистицеркоз) бар-жоғын тексеру, сондай-ақ радиациялық фон анықталады", - деді министрлік өкілдері.

Егер ет ветеринарлық талаптарға сай болса, ол бөліп өңдеуге жіберіледі, ал жарамсыз қалдықтар утилизацияланады.

"Киіктен алынған өнімге ветеринарлық анықтама қоса беріледі. Онда еттің шыққан жері, қауіпсіздігі мен сапасы туралы мәліметтер жазылады", - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, мамандар ел ішіндегі сауда нүктелерінде күнделікті ветеринарлық бақылау жүргізілетінін айтты. Инспекторлар еттің мал сою нүктесінен шыққанына дәлел болатын анықтама мен мөрдің бар-жоғын, тасымалдау кезінде температура тәртібінің сақталуын, зертхана қорытындыларын тексереді.

"Осыған байланысты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті киік етін тек рұқсат етілген сауда орындарынан, ветеринарлық құжаттары бар жағдайда ғана сатып алуға кеңес береді", - деді министрлік.

Сондай-ақ, ведомство биологиялық қалдықтарды сою және жоюға қатысты барлық қажетті талаптар елде қабылданғанын, "Киік еті бұқтырылған. Техникалық шарттар" және "Киік еті: тұтас және жартылай тұтас. Жалпы техникалық талаптар" атты ұлттық стандарттар әзірленіп, қолданыста екенін еске салды.

Қазіргі уақытта киік санын реттеуге елдің 6 облысындағы 24 мал сою нысаны тартылған. Барлығы ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес келеді.

Бұған дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Батыс Қазақстан облысы фермерлерімен кездесуде киік санын реттеу шараларын қайта бастау туралы шешімді растаған болатын. Атумен реттеу 2025 жылдың 3 шілдесінен басталды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: