Қазақстанда қант диабетімен ауыратындарға тегін көмек қысқарғаны рас па
Сурет: pixabay
Қазақстанда қант диабетімен ауыратын барлық науқа еш шектеусіз емді ала береді. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 5 тамызда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ведомство мәлімдемесінде кейінгі күндері әлеуметтік желілерде қант диабетімен ауыратындар медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке қол жеткізуде шектеулерге тап болады деген ақпарат тарап жатқаны айтылған.
"Бұл шындыққа жанаспайды", - деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.
Министрліктің дерегінше, бүгінде Қазақстанда қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам бар, оның ішінде 5 625-і – бала.
"Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады. Мемлекет бір диабетпен ауыратын науқасқа жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жұмсайды – жағдайының ауырлығына қарай. Барлық науқасқа жұмсалатын шығын жылына шамамен 46 млрд теңге болады", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның түсіндіруінше, барлық мұқтажды қамтып, өсіп келе жатқан қажеттілікті жабу үшін 2026 жылғы қаңтардан бастап қант диабетінде дәрілік қамтамасыз ету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
"Бұл тұрақты және уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді", - деді баспасөз қызметі.
Берілген ақпаратқа сәйкес, бүгінде:
- Диабетпен ауыратындардың 96%-ы МӘМС жүйесіне қамтылған.
- Балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді.
- Сондай-ақ, қант диабетін емдеуге арналған дәрілер тізімі жаңартылған.
"Тек тиімділігі дәлелденген препараттар қалдырылды. Деглудек атты жаңа буын инсулиніне қолжетімділік кеңейтілді – енді ол жүкті әйелдер мен балаларды қоса алғанда, барлық санаттағы науқасқа қолжетімді болады", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство қант диабеті – мыңдаған қазақстандықтың өміріне әсер ететін ауру ретінде әрдайым мемлекеттің ерекше бақылауында болатынын атап өтті.