Конституциялық сот құқықбұзушылықтардағы "ірі залал" шегін қайта қарады
Фото: pixabay
8 тамыз күні Конституциялық соттың мәлімдеуінше, бұрынғы баптың редакциясы тым күрделі болған – онда заңсыз кәсіпкерлік, банк, микроқаржылық және коллекторлық қызмет туралы ережелер бір мезгілде қамтылған. Мұндай тәсіл құқықты қолдануда қиындықтар туғызып, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін еді.
Тиісті өзгерістер 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған "Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда бекітілді. Реформа аясында Қылмыстық кодекстің 214-бабы жаңартылып, заңсыз банк, микроқаржы және коллекторлық қызметке қатысты нормалар алынып тасталды. Оның орнына 214-1 және 214-2 баптары енгізілді, онда нақты қылмыс құрамы мен жауапкершіліктің сараланған шаралары көзделген.
Сонымен қатар Конституциялық сот әртүрлі кодекстердегі "ірі залал" мен "айтарлықтай мөлшер" ұғымдарының шекті көрсеткіштері арасында үйлесімсіздік барын атап өтті. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ӘҚБтК) ірі залал 1 000 АЕК-тен төмен деп белгіленсе, Қылмыстық кодексте ол 2 000 АЕК-тен жоғары деп көрсетілген.
Бұл алшақтық 2025 жылғы 10 қаңтардағы заң аясында реттелді. Атап айтқанда, акцизделетін тауарларға қатысты бұзушылықтар кезінде ірі залал мен айтарлықтай мөлшер ұғымдарын нақтылайтын ӘҚБтК-нің 153-бабына өзгерістер енгізілді.
Бұған дейін сот үкімін орындау кезінде адвокаттың өкілеттігі Конституцияға сәйкестендірілгені хабарланған болатын.