Жаңарған тұрғын үйлер – шаһар шырайы: Таразда тұрғын үй мәселесіне ден қойылуда
Сурет: Тараз қаласы әкімдігі баспасөз қызметі
Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 553-і күрделі жөндеуден өтсе, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Ағымдағы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, шаһар көркін аша түседі. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігі баспасөз қызметі
Сонымен қатар Тараз қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Айталық, 2025 жылы жалпы 48 тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде, ағымдағы жылдың І жарты жылдығында 8, ІІ жарты жылдығында 39 тұрғын үйді аяқтау жоспарлануда. Кеңірек тоқталсақ, "Әулие-Ата" (14) шағынауданында 5-қабатты 22 тұрғын үйдің құрылысын салу" нысаны бойынша тиісті жұмыстар басталып, 7 мердігермен келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес мұнда 145 тұрғын үй (оның ішінде 64-і таунхаус үлгісінде, 81-і көпқабатты), 2 мектеп, 3 балабақша, Онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, салтанат сарайы жәнетолық инженерлік инфрақұрылым (газ, жылу, жарық, ауыз су, кәріз, байланыс желілері) қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігі баспасөз қызметі
"Ұлы дала" шағынауданы да алып құрылыс алаңына айналып отыр. Мәселен, мұнда 22 көпқабатты тұрғын бой көтеруде. Оның 4-і арендалық, 18-і кредиттік үйлерге жатады.
А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта да (№16 шағынаудан) баспана құрылысы қарқын алуда. Қазіргі таңда осы шағынауданда 5 қабатты, 180 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – "Агроспецстрой" ЖШС.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігі баспасөз қызметі
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің заманауи сәулеттік келбетін сақтау барысында сыртқы қасбеті мен шатыры ауыстырылды. 2024 жылы аталған тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.