БҚО –да көппәтерлі үй халық игілігіне берілді

180 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысын «AQJAIYQ ӘКК» АҚ тапсырысымен «Алтим» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген.
Жалпы аумағы – 10583,5 шаршы метрді құрайды. Баспана кілті «Отбасы банкі» АҚ-ның 180 салымшысына «Өз үйім» бағдарламасы аясында берілуде. Пәтердің құны қазіргі нарықтағы бағадан едәуір арзан. Ауланы абаттандыру жұмысы келесі жылы жүргізіліп, ойын алаңы салынбақ.

Сурет: БҚО әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды
Жаңа пәтер иелерін Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев құттықтап, баспана кілтін табыстады.
Бүгін – ерекше күн. Сіздер көптен күткен баспанаға қол жеткіздіңіздер. Шаңырақтарыңыздан шаттық, босағаларыңыздан бақыт кетпесін! Әр шаңырақта береке-бірлік, ырыс-ынтымақ салтанат құрсын! Қоныстарыңыз құтты болсын!, – деді Асхат Есмұханұлы.

Сурет: БҚО әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды
Айта кетсек, пәтер иелерінің қатарында Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылының тұрғыны, бес жасар Аманжол Сисенғалиев те бар.
Аталған ауылда бейқам ойнап жүрген бүлдіршін қосалқы электрлік стансаның аумағына кіріп кеткен. Оны жоғары кернеулі тоқ соғып, алған ауыр жарақаты салдарынан дәрігерлер Аманжолдың қос қолын кескен (ампутациялаған). Жазатайым оқиға биыл маусым айында орын алған еді. Бүгінде бүлдіршінге жасанды қол салынған.
Сондай-ақ оған облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қолдауымен «Жайық Мұнай» ЖШС демеушілік жасап, жоғарыда айтқан мекенжайдан үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Жаңа үй Аманжолға мектепке, емхана және балалар ауруханасына оңалту және тұрақты тексеруден өтіп тұруға алыс емес. Пәтерді Аманжолдың анасы Әсел Айтжанова үшінші қабаттан өзі таңдап алған. Ал Жаңақала ауданының әкімдігі демеушілер атынан балақайдың баспанасын жиһазбен жабдықтады.