БҚО-дағы тапсырыспен кісі өлтіру ісі: Эльвира Еркебаева сот залынан босатылды

БҚО-дағы тапсырыспен кісі өлтіру ісі: Эльвира Еркебаева сот залынан босатылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.08.2025 21:13 Сурет: Zakon.kz
2025 жылғы 25 тамызда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 40 жастағы Эльвира Еркебаева мен 34 жастағы Максим Кузнецовқа үкім оқылды. Оларға "Алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алайда алқабилер сотының шешімі бойынша Эльвира Еркебаева ҚР ҚК-нің 287-бабы ("Қаруды заңсыз иемдену") бойынша ғана кінәлі деп танылды. Оған үш жыл шартты жаза тағайындалды.

Максим Кузнецовқа да дәл осындай жаза берілді. Екеуіне де пробациялық бақылау орнатылады. Еркебаева мен Кузнецов сот залынан босатылды.

"Әділдік бар екен, ол орнады. Барлық жағынан үлкен қолдау болды. Адвокаттарыма, отбасым мен барлық қазақстандыққа алғыс айтамын. Қазір эмоцияға толып тұрмын. Ең алдымен анама барамын", - деді Эльвира Еркебаева.

Максим Кузнецов та қазақстандықтарға алғысын білдіріп, әділдікке әрқашан сенгенін айтты.

Дау тудырған сот процесі 2024 жылғы тамызда басталған. Ол кезде Еркебаева пайдакүнемдік ниетпен бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған. Бұл қылмысты орындауға оған Максим Кузнецов көмектесті делінген. Ал орындаушы ретінде бұрын сотталған БҚО тұрғыны Ержан Ғалиев таңдалған.

Алайда Ғалиев құқық қорғау органдарына хабар беріп, жоспарланған қылмыс туралы мәлімдеген. Осыдан кейін Еркебаева мен Кузнецов қамауға алынған. Айта кетерлігі, Ғалиев сотқа тек бір рет қатысып, қалған отырыстарға келмеген.

Өзі жәбірленуші деп танылған Ербол Еркебаев ешбір сот отырысына қатыспаған. Ол тек алдын ала тыңдау кезінде онлайн жауапқа алу барысында өзін жәбірленуші деп есептемейтінін және айыпталушыларға шағымы жоқ екенін айтқан. Ербол Еркебаевтың мүгедектігі бар: бірнеше жыл бұрын ол оқ жарақатын алып, аяқ-қолынан айырылған.

Бұған дейін прокурорлар сот жарыссөзінде Эльвира Еркебаеваға 7 жыл 6 ай, ал Максим Кузнецовқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.

Айта кетейік, бұл істің егжей-тегжейі 2025 жылдың басында жарияланған болатын. 2024 жылдың көктемінде Еркебаева қамауға алынғаннан кейін, Желіде оны қолдауға арналған петиция пайда болған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: