Аида Балаева не себепті Қастеев музейін жабуға тура келгенін түсіндірді
Сурет: facebook/aida.balayeva.2025
Алматыда орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі уақытша жұмысын тоқтатты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл шешім музей экспонаттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Балаева Facebook-парақшасында елімізде мәдени нысандарды жаңғырту мен сақтау бағытындағы ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстанның басты өнер ордаларының бірі – Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталғанын нақтылады.
Жаңғырту шеңберінде шатырды ауыстыру, заманауи климаттық жүйелер орнату, паркет жабындысын қалпына келтіру және өзге де маңызды техникалық жетілдірулер көзделген.
"Бұл шаралар келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасап, өнер туындыларын сақтаудың заманауи талаптарын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді министр.
Осыған байланысты 5 тамыздан бастап музей уақытша жабылды.
"Мұндай шешім ең алдымен ел қазынасына айналған құнды жәдігерлердің сақталуы мен құрылыс кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданды. Барлық жұмыс аяқталған соң жаңарған музей қонақтарын жаңа заманға сай, шабыт сыйлайтын, өз коллекциясы мен мәртебесіне лайық жаңа кеңістікте қарсы алады деп сенеміз", - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі келушілерге маңызды мәлімдеме жасады. Елдегі ең ірі көркемсурет мұражайы өз жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлады.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript