Қауіпті тротуарлар: Алматыда самокатшылар жұдырықтасып қалды
Фото: Zakon.kz
Оқиға сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейбір пікір қалдырушылар мәселені түбегейлі шешу үшін мұндай көлікті мүлдем алып тастауды ұсынса, енді біреулері: "Бұл – біздің менталитет, қоғам және инфрақұрылым мәселесі", – деген ой білдірді.
Zakon.kz тілшісі оқиғаға байланысты қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомствоның хабарлауынша, Ауэзов ауданы полиция басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр.
"Тротуарда орын алған жанжалдың қатысушылары ұсталып, заңның қатаң талабы бойынша жауапқа тартылады. Әрқайсысының әрекетіне нақты құқықтық баға беріледі", – деп атап өтті Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғаушылар мұндай тәртіпбұзушылықтарды жол беруге болмайды деп есептейді және оларды қатаң түрде тоқтататынын мәлімдеді.
Өкінішке қарай, самокатшылардың қатысуымен болған оқиғалар жиі қайталануда. Мәселен, 2 қыркүйекте Алматыда екі жасөспірім самокатпен келе жатып, бала арбасына соғылған. Абырой болғанда, сәби зардап шеккен жоқ.
Ал бүгін, 9 қыркүйекте қалалық полиция самокаттарға қатысты жағдайға есеп берді.
Ауқымды рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде бір тәулікте 800-ден астам (жыл басынан бері 16 мыңнан аса) жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды.
Оның ішінде:
- 489 – қозғалыс қатысушыларына қойылатын талаптарды орындамау (ӘҚБтК 620-бап);
- 237 – жаяу жүргіншілер мен өзге қатысушылардың қозғалыс ережесін бұзуы (ӘҚБтК 615-бап);
- 11 – ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамауы (ӘҚБтК 127-бап);
- 47 – абаттандыру ережелерін бұзу (ӘҚБтК 505-бап);
- 23 – қоғамдық орындарды ластағаны үшін (ӘҚБтК 434-2-бап).
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында заңнамалық өзгерістердің электросамокаттар мәселесін түбегейлі шешпегенін, қазақстандықтардың әлі де қауіпке ұшырап отырғанын атап өтті.