Денис Тен мемориалына 2026 жылғы Олимпиада қатысушылары келеді
Сурет: Instagram/team_samodelkina
Қазақстан құрамасы бұл додаға қазіргі таңда ең үздік мәнерлеп сырғанаушыларын шығарады. Негізгі спортшылар қатарында Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров өнер көрсетпек.
ISU деректеріне сәйкес, Алматыдағы турнирге ерлер арасында Шайдоровпен бірге белгілі спортшылар – Ника Эгадза (Грузия), Чха Чжун Хван (Корея), Джейсон Браун (АҚШ) және басқалары қатысады.
Әйелдер арасындағы жекелей сайыста қазақстандық Софья Самоделкинаға Маделин Скизас (Канада) пен Хэ Ин Ли (Корея) басты бәсекелес болуы ықтимал. Қазіргі уақытта олар ISU әлемдік рейтингінде тиісінше 16-шы және 23-ші орындарда тұр. Біздің спортшымыз болса, әлемдік тізімде 28-орында және Алматыға жуырда өткен АҚШ-тағы Cranberry Cup-2025 турнирінің күміс жүлдегері ретінде келеді.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров – қазіргі "Денис Тен мемориалының" жеңімпазы, ал Софья Самоделкина былтыр осы турнирде күміс жүлде иеленген болатын.