Шымкентте неміс мәдениетінің фестивалі өтті
Сурет: Шымкент әкімдігі
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, мерейлі мерекеге жиналған көпшілікке ұлттық және классикалық ән-билер ұсынылды. Қала қонақтары неміс жастары клубының өнерін тамашалап, түрлі жанрдағы шығармаларды тыңдап, этностық мәдениеттің байлығына куә болды.

Сурет: Шымкент әкімдігі
Фестиваль барысында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы орынбасары Талғат Бисенбиев, қалалық ҚХА жанындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев, сондай-ақ Төле би ауданының Құрметті азаматы, Ленгер қаласындағы немістер қоғамының негізін қалаушы Лидия Мехлик құттықтау сөз сөйлеп, шараның татулық пен достықты дәріптеудегі маңызына тоқталды.

Сурет: Шымкент әкімдігі
Мереке аясында қонақтарға неміс халқының тұрмыс-тіршілігі мен тарихи-мәдени мұрасын айшықтайтын қолөнер және кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен бірге, ұлттық тағамдар әзірленіп, қонақтар дәстүрлі дәмдерден ауыз тиді.

Сурет: Шымкент әкімдігі
Фестивальде неміс мәдени орталығының қоғам өміріне белсене араласып, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.

Сурет: Шымкент әкімдігі
Бұл мерейлі мереке – Қазақстандағы этностардың достығы мен ынтымақтастығының, мәдениеттер тоғысуының айқын айғағы болды.