WhatsApp-та жаңа пайдалы функция пайда болды
Фото: unsplash
Мессенджердің ресми блогында жарияланған ақпаратқа сәйкес, егер сіз басқа тілде жазылған хабарламаны көрсеңіз, оны басып тұрып, "Аудару" (Translate) пәрменін таңдауыңыз қажет. Кейін қай тілге немесе қай тілден аударғыңыз келетінін көрсетіп, сол тілді жүктеп алуға болады. Бұл функция жеке чаттарда, топтардағы жаңартуларда қолжетімді.
Android пайдаланушылары чаттағы барлық хат-хабарламалар үшін автоматты аударма функциясын қосып, болашақта келетін барлық хабарламалардың таңдалған тілге автоматты түрде аударылуын баптай алады.
Аударма тек сіздің құрылғыңызда орындалады, яғни жеке деректердің қауіпсіздігі сақталады.
Жаңа мүмкіндік Android және iPhone құрылғыларында біртіндеп іске қосылып жатыр. Қазіргі таңда бірнеше тіл ғана қолжетімді, бірақ болашақта олардың саны артады. Android қолданушыларына әзірге 6 тіл қолжетімді: ағылшын, испан, хинди, португал, орыс және араб тілдері. iPhone иелері үшін бастапқы кезеңде-ақ 19-дан астам тіл ұсынылады.
Айта кетейік, WhatsApp мессенджерін 180-нен астам елде 3 миллиардтан астам адам қолданады. Жаңа функция пайдаланушыларға тілдік кедергілерді еңсеруге көмектеседі.