Бір тәулікте 10 мыңға жуық қазақстандық жаңа АЭС-ке атау ұсынды
Сурет: Zakon.kz
Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігі мәлімдеді.
АЭС-ке ең үздік атау таңдау байқауы 25 қыркүйекте басталған. Сауалнама eGov Mobile қосымшасында жүргізілуде: басты бетке "АЭС-ке өз атауыңызды ұсыныңыз" атты баннер орналастырылған, ал қолданушыларға байқаудың басталғаны жөнінде push-хабарлама жіберілген.
Бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық мән-мағынасын айқындайтын атау беру.
Байқауға әрбір қазақстандық қатыса алады. Ол үшін:
- тілді таңдау (қазақ немесе орыс тілі);
- атау нұсқасын ұсыну;
- қалаған жағдайда оның мағынасын қысқаша сипаттау;
- байқаудың ресми ережелерімен танысқанын растау қажет.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан, сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Байқау ережелерімен Атом энергиясы агенттігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан танысуға болады.
Ұйымдастырушылар ел азаматтарын энергетика тарихына үлес қосып, алғашқы АЭС-ке атау ұсынуға үндеді.
Айта кетейік, 26 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев екінші атом электр станциясы Абай облысында салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.