Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке қашан атау берілетіні белгілі болды
Сурет: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі
Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру бойынша конкурс аяқталғанын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Агенттіктің мәліметінше, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру конкурсына 27 000-нан астам адам қатысты.
Байқау 2025 жылғы 25 қыркүйекте сағат 12:00-де eGov Mobile мобильді қосымшасында басталған болатын.
Екі апта ішінде – 10 қазан, сағат 23:59-ға дейін қазақстандықтар 27 мыңнан астам ұсыныс жолдады.
"Мұндай жоғары белсенділік азаматтардың атом энергетикасын дамытуға деген зор қызығушылығын және ел үшін маңызды жобаға жеке үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта келіп түскен ұсыныстарды өңдеу процесі басталды. Алғашқы кезеңде мамандар барлық нұсқаларды талдап, жүйелеу жұмыстарын жүргізеді және жиынтық есеп дайындайды. Кейін материалдар Конкурс комиссиясының мүшелері тарапынан қаралады. Қорытынды кезеңде қазан айының соңында, комиссия отырысы өткізіліп, алғашқы АЭС-ке үздік атау таңдалады", делінген агенттіктің хабарламасында.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде байқау мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық өзара іс-қимылдың үлгісі әрі жоғары қоғамдық белсенділіктің көрінісі болғаны атап өтіледі.
"Болашақ станцияның қорытынды атауы комиссияның шешімі бойынша жарияланып, отандық энергетиканы дамытудың жаңа кезеңінің символына айналады". ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі
Айта кетсек, Kazakhstan Energy Week-2025 форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірген болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript