Қазақстанда баспаналы болудың жолы жеңілдей түсті
Сурет: Отбасы банк
Шара Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының (IUHF) және Еуропалық құрылыс қоғамдары федерациясының (EFBS) қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиын барысында "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова банк күн сайын шамамен 2500-ге жуық депозит ашып, 190-ға тарта несие беретінін атап өтті. Спикер бұл тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімді жұмысының нәтижесі екенін жасырмады.
"Отбасы банк қазақстандықтарға жинақ жасау дағдысын үйретті. Жинақ жасау және бюджетті дұрыс бөлу қабілеті азаматтарға ең маңызды мәселені шешуге – баспана сатып алуға мүмкіндік берді. Бұл жай ғана шаршы метрлер емес, негізгі қажеттілік, отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатының негізі. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 622 538 отбасыға жаңа үйге қоныс аударуға мүмкіндік берді. 3 миллионнан астам қазақстандық өз жинақтарын Отбасы банкіне сеніп тапсырған, олардың шоттарында 2,5 трлн теңгеден астам қаражат жинақталған. Жүйенің ерекшелігі – оны халықтың барлық топтары пайдалана алатынында. Қазіргі таңда экономикалық белсенді халықтың 30,9% жинақ жүйесінің қатысушылары", – деді ол.

Сурет: Отбасы банк
Оның сөзінше, баспанаға жинақ жасап жүрген қазақстандықтарға мемлекет тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсетеді. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушыларының депозиттеріне мемлекет жыл сайын мемлекеттік сыйақы есептейді.
"Сыйақы сомасы 200 АЕК немесе 786 400 теңгеден аспайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйақының максималды мөлшері 157 280 теңге",- деп нақтылады Ләззат Ибрагимова.

Сурет: Отбасы банк
Сондай-ақ, шара қатысушыларының бірі – Еуропалық құрылыс жинақ кассалары Федерациясының басқарушы директоры Кристиан Кёниг адам үш баспанадан артық қажеттілік жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бұл тұрғыда мемлекеттік сыйақының маңызы зор.
"Германияда қор жинақтауда 1 пайыздық, ал ипотека рәсімдеуде 2-6 пайыздық мөлшерлеме бекітілген. Ал, жиналған қорды мемлекеттік сыйақымен қоса шығарып алу үшін кем дегенде 7 жылдық жинақ қоры болуы тиіс. Білуімше, бұл мерзім Қазақстанда 3 жыл",- деді ол.
Белгілі болғандай, Германияда ипотека рәсімдеу үшін құжаттар міндетті түрде қағаз бетіне түсіріліп, адамның жеке қатысуын талап етеді. Спикер өз кезегінде аталмыш процесс Қазақстанда жеңіл екенін әрі саладығы небәрі 22 жылдық тәжірбиеге қарамастан цифрландыру жақсы дамығанын жасырмады.

Сурет: Отбасы банк
Банк деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде елімізде клиенттердің 78,3%-ы барлық операцияларын онлайн түрде жүргізеді.
"Банк мобильді қосымшасын жаңартып, оны барынша ыңғайлы және функционалды етті. Қазіргі таңда оны 1,2 миллионнан астам адам пайдаланады. 2025 жылдың екінші тоқсанында Otbasy bank мобильді қосымшасы жүктелу саны бойынша қаржылық қосымшалар арасында екінші орынға ие болды. Аталған кезеңде қосымшаны AppStore арқылы 179 мың рет жүктеген",- деді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова
Сонымен қатар, салымшылар мен клиенттерге жедел кеңес беру үшін Quanysh-AI чат-боты да іске қосылған. Ол қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы кеңес бере алады. WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде қолжетімді бот сұрақтардың 90%-ын жоғары дәлдікпен өңдейді.
Айта кетейік, Еуропа және Орталық Азияның жетекші сарапшылары тұрғын үй саласындағы стратегиялармен, инновациялық тәжірибелермен бөлісу және ESG мен "жасыл" қаржыландырудың өсіп келе жатқан рөлін талқылау үшін жыл сайын халықаралық одақтарға мүше елдердің бірінде бас қосады. Биыл тұрғын үй саясаты мен қаржыландырудағы негізгі үрдістерді талқылау алаңы Қазақстан болды.