"5 минут тұрдың – 1 сағатқа төледің": депутаттар Астанадағы тұрақ ережелерін өзгертуді талап етті
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Депутат 2025 жылдың ортасына қарай Астанада шамамен 460 мың автокөлік тіркелгенін атап өтті. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,8%-ға көп. Сонымен қатар, күн сайын елордаға қосымша 30 мыңға дейін көлік кіріп, көлік инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіруде.
"Депутаттық сауал негізінде мемлекеттік органдардың жұмыс кестесі қайта қаралғанына қарамастан, тұрғындар автотұрақ пен төлем мәселесіне байланысты жиі шағымдануда. Іс жүзінде, көлік қысқа уақытқа тоқтаған күннің өзінде бір сағат үшін міндетті төлем алынуы, пайдаланылмаған уақыт үшін ақшаның қайтарылмауы – маңызды проблема. Сонымен қатар, әр аймақта әртүрлі тарифтердің болуы мен бірыңғай төлем жүйесінің жоқтығы, Астана әуежайында 15 минуттық тегін лимиттен асқаны үшін 5 мың теңге айыппұл салынуы – тұрғындардың наразылығын тудыруда, – деді депутат Нұралин.
Оның айтуынша, тұрақ операторларының қызметі көбіне төлем жинауға ғана бағытталған. Бұл жағдай мемлекет пен азаматтардың мүдделерінің тепе-теңдігіне, сондай-ақ жол мен қалалық инфрақұрылымды еркін пайдалану құқығына қатысты сұрақтар туындатады.
Осыған байланысты депутат тоқтау уақытын фото-видео тіркеу арқылы дәл анықтау және пайдаланылмаған уақыт үшін ақшаны автоматты түрде қайтару жүйесін енгізуді, тұрақтан және айыппұлдардан түскен қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етуді және мобильді қосымшаны жетілдіруді ұсынды.
Оның сөзінше, мұндай өзгерістер қала тұрғындарының наразылығын азайтып, тұрақ жүйесінің әділдігін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Ақтау әуежайында ер адам 12 млн теңгеден астам қаржысынан айырылғанын жазған болатынбыз.