БҚО-да "Ақжайық" орталығына жаңа автокөліктер табысталды

Ресми шара, оңалту орталығы, Ақжайық, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.10.2025 15:19 Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Орал қаласында "Ақжайық" мүгедектігі бар адамдарды рабилитациялау және оңалту орталығына жаңа автокөліктерді табыстау рәсімі өтті.

Игі шара халықаралық қарттар күніне және "Мейірімділік күндері" қайырымдылық айлығына орай ұйымдастырылды.

Орталықтың автопаркі енді жеңіл көлікпен, "Газель" маркалы шағын автобуспен және тіркемесі бар трактормен толықты. Бұл маңызды оқиғаға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысып, әлеуметтік қорғау саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

"Бүгін біз ерекше әрі толғандырар сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл – облысымызда ашылған алғашқы осындай орталық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылы өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселе нәтижесінде, 2024 жылдың желтоқсанында 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығы пайдалануға берілді. Қазір бұл орталықта 303 мүмкіндігі шектеулі адам, соның ішінде 66 бала тұрақты түрде оңалтудан өтуде. Оларға барынша жағдай жасалған. Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған, білікті мамандар жұмыс істейді, сегіз түрлі қызмет түрі көрсетіледі", – деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, халықаралық стандарттарға сай салынған орталыққа 7,5 млрд теңге, ал жаңа техника алуға 60 млн теңге бюджеттен бөлінген.

"Орталықтың аумағы үлкен – 20 мың шаршы метрден асады. Сол себепті, қызметкерлердің өз күшімен аумақты күтіп-ұстауы үшін тіркемелі трактор сатып алуға уәде бергем. Сонымен қатар, инватакси мен қызметтік көлікті де беріп отырмыз. Бұрын облыс тұрғындары оңалту шараларына Астана мен Алматыға баруға мәжбүр болса, енді мұндай мүмкіндік өзімізде де бар. Әсіресе, ауылдық жерден келетіндер үшін бұл – үлкен көмек", – деді облыс әкімі.

Жаңа көлік, БҚО, Ақжайық, оңалту орталығы, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.10.2025 15:19

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Орталық директоры Альберт Талпахов мекеменің даму жоспары мен алдағы мақсаттары туралы айтып өтті.

"Оңалту орталығының ашылғанына бір жыл болды. Бұрын қар мен қоқысты тазарту, түрлі шаруашылық жұмыстар үшін қала тұрғындары мен ұйымдардан көмек сұрауға мәжбүр едік. Науқастар орталыққа инватакси шақырып келетін. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Жақын уақытта Еуропа елдерінде кең қолданылатын тұз шахтасы мен су астындағы жаттығу залдарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұндай әдістер бұлшық етті нығайтып, ағзаның жалпы тонусын арттырып, адамның тез оңалуына көмектеседі. Сонымен қатар, балалар мен ересектерге арналған сенсорлық кабинет ашу да жоспарымызда бар. Бастысы – барлық бастамаларымызды жүзеге асыратын мамандарымыз жеткілікті", – деді ол.

Салтанатты рәсімде орталықтың емделушілерінің бірі, Орал қаласының тұрғыны Қонырша Саматова алғысын білдірді. Ол бүгінде орталықта екінші кезеңде ем алуда.

"Бұрын қаламыздағы жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы болып қызмет атқардым. Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. Денсаулығым сыр беріп, мамандардың көмегіне жүгінуге тура келді. Мұнда алғаш келген кезде таксимен жетуге мәжбүр едік. Сондықтан бүгін табысталған "Газель" біз үшін үлкен жеңілдік болады. Орталық басшылығына сапалы ұйымдастыру жұмысы үшін, мейірбикелерге олардың мейірімі мен жан жылуы үшін зор алғысымды білдіремін", – деді Қонырша Аманбайқызы.

"Ақжайық" абилитация және реабилитация орталығы күннен-күнге дамып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өзінің материалдық-техникалық базасын күшейтіп келеді. Ең бастысы – бұл бастамалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын арттырып, оларды қоғам өміріне белсене араластыруға бағытталған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: