Қазақстанның бір бөлігін 3 қазанда қар басады
Сурет: pexels
Мамандардың айтуынша, кей өңірлерде ауа температурасы -3°С дейін төмендеп, үсік жүреді. Ал басқа облыстарда өрт қаупі жоғары болады.
Метеорологтардың дерегінше, еліміздің басым бөлігінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Тек солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыста атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар жауады. Шығыс аймақтарда – қар қалың түсуі мүмкін», – делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Сондай-ақ республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі. Шығыс пен орталықта көктайғақ күтіледі.
«Жамбыл облысының таулы аймақтарында, Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аудандарында, Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстігіндегі таулы өңірлерде, Жетісу облысының солтүстігі мен орталығында, Қызылорда облысының солтүстігінде -1…-3°С дейін үсік жүреді», – деп қосты синоптиктер.
Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.
Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Ұлытау облыстарының кей аймақтарында төтенше өрт қаупі жарияланды.