Бүкіл апта бойы созылған магниттік дауыл аяқталды
Сурет: freepik
ТАСС агенттігінің Ресей Ғарыштық зерттеулер институтына сілтеме жасап жазуынша, кейінгі 17 сағат шамасында геомагниттік көрсеткіштер "жасыл аймақта" тұрақты тұр.
"Жерүсті магнитометрлер мен Күн желі өлшемдерінің деректеріне сүйенсек, осы апта бойы жалғасқан магниттік дауыл аяқталды", - делінген хабарламада.
3 қазанның кешінен бастап геомагниттік ахуалдың жылдам тұрақтануы байқалады. Дауылдың басталу және аяқталу кезеңін көрсететін негізгі планетарлық Kp индексі "жасыл аймаққа" түсіп, шамамен 17 сағат бойы сол деңгейде қалып отыр (3 қазанның соңындағы қысқа уақытты есептемегенде). Мамандар тепе-теңдікті бұзатын факторлар байқалмайтынын мәлімдеді.
Өткен магниттік дауыл 25-Күн циклі кезеңіндегі ең ұзақтарының бірі болды. Жердің магнит өрісі шамамен төрт тәулік бойы бұзылып тұрды, бұл кезде дауыл қуатының орташа деңгейі G1–G2 аралығында болды (G5 — "өте күшті", G1 — "әлсіз" деңгей).
Ғалымдардың айтуынша, Күн белсенділігі төмендеген, сондықтан жақын уақытта Жердің магнит өрісінің қайта бұзылу ықтималдығы жоқ. Дегенмен алдағы екі-үш күнде жекелеген қуатты жарқылдар мен қысқа мерзімді соққылардың қаупі сақталып отыр.