ТЖМ қазақстандықтарға жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салды
Фото: Zakon.kz
Министрлік қазақстандықтарға жер сілкінісі кезінде сақталуы тиіс негізгі ережелерді еске салды:
Егер үйде болсаңыз – сыртқа жүгірмеңіз. Берік үстелдің астына, есік ойығына немесе ішкі қабырға жанына тығылыңыз, басыңызды қолмен қорғаңыз. Терезелер мен ауыр заттардан аулақ болыңыз;
Көшеде болсаңыз – ғимараттардан, ағаштар мен электр сымдарынан алысырақ, ашық жерге шығыңыз;
Көлікте болсаңыз – тоқтағанша күтіңіз, содан кейін көліктен шығып, қауіпсіз орынға өтіңіз.
"Жер сілкінісі кезінде ең бастысы – сабыр сақтау. Дүмпу тоқтаған соң айналаңыздағы адамдарға көмек қажет пе, соны тексеріңіз, газ бен электр қуатын өшіріңіз, қайталанған соққылардан сақ болыңыз. Есіңізде болсын: қауіпсіздік ережелерін білу – төтенше жағдайда сіздің қорғанысыңыз!", – деп атап өтті ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 6 қазан күні Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінісі тіркелді. МЧС мәліметінше, дүмпудің күші 4 баллға дейін жеткен. Жерасты толқындары Шымкентте, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарының бірнеше елді мекенінде сезілген.
Оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штаб құрды, ол қазіргі уақытта жағдайды бақылауда ұстап отыр.