Қазақстанда әуежайлар мен әуе компанияларына тексеріс жүргізіледі
Фото: pixabay
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев әуе компаниялар мен әуежай өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіп, рейстердің кешігуі, әуе кемелерін ауыстыру, әуежайлардағы кезектер мен жолаушылардың құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерді қарастырды. Министрлік мәліметінше, ерекше назар ұшулардың уақытылы орындалуы мен алдағы қыс маусымына дайындыққа аударылған.
"Қазір әуе кемесі ауыстырылған жағдайда өтемақы тек бизнес-класс жолаушыларына ғана қарастырылған. Вице-министр әуе компанияларына бортты негізсіз ауыстыруға тыйым салу мәселесін пысықтауды және Fly Arystan тек Fly Arystan-мен, Air Astana тек Air Astana-мен алмастырылуы тиіс екенін тапсырды. Сондай-ақ рейстердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет", – делінген 7 қазан күні таратылған хабарламада.
Жиында қызмет көрсету сапасы мен жерүсті қызметкерлерінің жолаушылармен қарым-қатынасы да талқыланды.
Әуе компаниялар мен әуежайлар басшылығына қызмет көрсету мәдениетін арттыру, персоналды оқыту, тексеру кезектерін реттеу және Нұр-Сұлтан әуежайындағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау тапсырылды.
Бұдан бөлек, рейстерге тіркелудің қолжетімділігі мәселесі көтерілді.
"Fly Arystan әуе компаниясының онлайн тіркеуі ұшуға 30 күн қалғанда ашылады, алайда әуежайда тіркелу қызметі ақылы. Бұл мобильді құрылғыларды пайдаланбайтын егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайсыздық туғызады. Осы санаттағы жолаушыларға қосымша қызмет көрсету тетіктерін әзірлеу тапсырылды", – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Жиын қорытындысы бойынша әуе компаниялар мен әуежайлардың жұмысына тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданды.
Алдағы екі апта ішінде ҚАӘ инспекторлары Астана мен Алматы әуежайларында рейстердің кешігуін бақылап, жолаушылардан сауалнама алады.
Министрлік атап өткендей, жолаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан әуежайларында ұшаққа тыйым салынған заттарды сақтау тәжірибесі тоқтатылған болатын.