Экс-депутат Гүлжан Қарағұсова қызының ғарышқа сапарына қатысты пікір білдірді
Сурет: Instagram/blueorigin
Айта кетейік, Данна Қарағұсова — ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ қызы. Ол әлеуметтік желіде анасы Гүлжан Қарағұсова мен қызы Айлиннің видеосын жариялады. Видеода кадр сыртында Гүлжан Қарағұсованың дауысы естіледі.
"Бір істі қолға алғанда, бірінші боламын деп ойламайсың. Қызым да бірінші боламын деп ойламаған, ол тек өзінің арманын орындағысы келді... Мен қызыммен мақтанамын, өте бақыттымын...",- деді ол.
Ал Дана Қарағұсова, ғарыштағы алғашқы әсері туралы айтып, салмақсыздық күйіне алғаш енгенде жасаған әрекеті жайлы бөлісті:
"Салмақсыз күйге түскендегі алғашқы әрекетім — жер бетіндегі барлық аналарға арналған ашық хатты жазу. Бұл менің анама және баласының арманын қолдаған әр әйелге арналған алғысым еді. Қазір өзім ана болған соң түсінемін: біз балаларымызға бере алатын ең қымбат нәрсе — сенім, жылулық және алға ұмтылуға күш беру. Мен ғарышта болған сәтте анамның қасында қызым болды. Менің бұл қадамым қызымды шабыттандырды, арманына сенуге күш берді деген үміттемін. Ғарыш пен Жердің байланысы – ананың жүрегінен басталады",- деп жазды ол.
Сонымен қатар, 12 қазан күні ғарыш кемесін ұшырған Blue Origin компаниясы өзінің Instagram парақшасында экипаж мүшелерінің жерге қонған сәттегі эмоциялары туралы жаңа видео жариялады.
"NS-36 миссиясының экипаж мүшелерінің Жерге қонғаннан кейінгі әсерлері мен сезімдерін көріңіздер", – делінген жазбада.
Видеода Данна көз жасына ерік беріп, басынан өткерген керемет сезімдері мен эмоцияларын айтып береді.
Бұған дейін Техаста жеке ұшақ апатынан екі адам қаза тапқанын жазғанбыз.