Батыс Қазақстанда еңбек адамдарына арналған "Еңбек. Адам. Құрмет" фестивалі өтті
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Шараның басты мақсаты – ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек иелерін ұлықтау, олардың қоғамдағы беделін арттыру және жас ұрпаққа үлгі ету. Фестивальге әр салада табысты еңбек етіп жүрген жұмысшылар, кәсіпкерлер, жас мамандар мен қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында еңбек адамдарының өмір жолы мен кәсіби жетістіктері баяндалып, олардың еңбексүйгіштік қасиеттері мен отансүйгіш рухы насихатталды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, таңдаған мамандығына деген құрмет пен мақтанышын білдірді.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде Президенттің "Еңбек адамына құрмет көрсету – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Біз адал еңбекті әрдайым жоғары бағалаймыз" деген сөзін келтіре отырып, қоғамның көрінбейтін тірегі саналатын еңбек адамдарына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
"Шын мәнінде, ел мүддесі жолында аянбай тер төгіп жүрген қарапайым азаматтар – қоғам айнасы. Олардың еңбегі арқылы өңірлеріміз өркендеп, мемлекетіміз нығаяды", – деді өңір басшысы.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фестиваль аясында түрлі кәсіп иелері өз жетістіктерімен бөлісті. Аудандық мәслихат депутаты, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Сейткереева ауыл әйелдерін жұмыспен қамтып отырған жүн өңдеу цехының жұмысын таныстырды. Бұл өндіріс ошағында жүннен тәпішке, киіз етік, кілемше және ойыншықтар жасалады.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Орал трансформатор зауытының шебері Ляззат Жұмаділда нәзік жандылардың өндірістегі еңбегі туралы айтып, жас мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Кәсіпкер Сырым Жолдығұлов "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында қолға алған қолғап өндірісін таныстырды. Ал көпбалалы ана Самал Айтқұлова мемлекеттік грант арқылы ірімшік цехын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Фестиваль шеңберінде 80-нен астам жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынған еңбек жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар киіз үйлер тігіліп, қолөнер көрмесі мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл шара еңбек адамдарының мәртебесін арттырумен қатар, жастарға адал еңбек пен табандылықтың өмірлік құндылығын ұғындыруға бағытталған маңызды қадам болды.