ҚР Сыртқы істер министрлігі Таиланд пен Камбоджа арасындағы бейбіт келісімді түсіндірді
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануын құптады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрліктің тиісті мәлімдемесі 2025 жылғы 27 қазанда жарияланды:
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Корольдік Таиланд пен Корольдік Камбоджа арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларацияның АҚШ президенті Дональд Трамп пен Малайзия премьер-министрі Анвар Ибраһимнің тікелей қатысуымен, 2025 жылғы 25–28 қазан аралығында Куала-Лумпурда өтіп жатқан Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) 47-ші саммиті аясында қабылданғанын құптайды".
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған тараптардың күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті.
"Қол жеткізілген уағдаластықтар тараптардың БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына, қауіпсіздік пен өркендеуді қамтамасыз етуге берік ұстанымын, сондай-ақ кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешудің баламасыздығын көрсетеді. Біз бұл бірлескен декларацияның Таиланд пен Камбоджа арасындағы достық және тату көршілік қатынастарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ АСЕАН шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз боларына сенеміз", – делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Қол қойылған келісім аясында Таиланд Камбоджаның тұтқында болған 18 жауынгерін босатады, сондай-ақ екі тарап шекара маңындағы ауыр қару-жарақты шығару ісін бастайды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript