Павлодар облысында 12 мың оқушы жазда еңбек етіп, табыс тапты
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Жоба "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында қолға алынған "Еңбек – елдің ертеңі" атты әлеуметтік бастаманың негізінде жүзеге асып отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясында оқушылар сенбі сайын 4 сағат еңбек етеді. Мәселен, "Шебер қолдар" элективті курсына қатысушы Іңкәр Сужен қолғап тігумен айналысып жүр.
"Бір қолғапты тігуге 8–10 минут уақыт кетеді. Әр жұп үшін 150 теңге аламыз. Өз еңбегімізбен ақша табу бізге үлкен мотивация береді", – дейді Іңкәр.
Қолғаптың дайын үлгісін жергілікті тігін фабрикасы жеткізеді. Ал жобаға Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалы жетекшілік етеді.
ҚХА қоғамдық кеңесінің мүшесі Владимир Берковскийдің айтуынша, облыстағы 12 ірі кәсіпорынмен келісім жасалған.
"Кәсіпорындар өздеріне қажет арнайы жұмыс киімдерінің 5–10 пайызын мектептерге тапсырыс ретінде беріп отыр. Мысалы, алюминий зауыты ай сайын 5 мың брезент қолғап сатып алады. Соның 5 пайызы – оқушыларға үлкен мүмкіндік", – деді ол.
Мектеп мұғалімдері жоба балалардың тек еңбекке бейімделуіне ғана емес, сонымен бірге экономикалық сауаттылығын арттыруға және тәртіпке баулуға ықпал ететінін айтады.
Сонымен қатар қала оқушылары қоғамдық көліктерде бақылаушы, ал ауылдағы жастар бақташының көмекшісі немесе көкөніс алқаптарында жұмысшы ретінде еңбек етуде.
Мамандардың пікірінше, "Еңбек – елдің ертеңі" жобасы еңбекқор әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің тиімді құралына айналды.