Шекаралық бақылаудан өту талондарын беру: 2026 жылдан бастап жаңа талаптар
Фото: gov.kg
Бұйрықпен бекітілді:
ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық (құрылымдық) бөлімшелері беретін мемлекеттік бақылаудан өту талонының (немесе оның көшірмесінің) нысаны;
ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық (құрылымдық) бөлімшелері беретін мемлекеттік бақылаудан өту талонын (немесе оның көшірмесін) ұсыну қағидалары.
Құжатта былай делінген:
- "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күні ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық (құрылымдық) бөлімшелері беретін мемлекеттік бақылаудан өту талоны (немесе оның көшірмесі) негізінде айқындалады".
- Осы ретте, салық салынатын импорттың жасалған күні – импортталған тауарларды салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алған күні, ал халықаралық автокөлік қатынасы кезінде тауарлар тасымалданған жағдайда – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн болып табылады.
Талон Қазақстанның Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктінің аумағына халықаралық автокөлік қатынасымен кірген кезде тасымалдаушыға немесе тауарға жауапты тұлғаға шекаралық бақылау бөлімшесі арқылы беріледі.
Талон автокөлік өткізу пункттерінде тасымалдаушы немесе тауарға жауапты тұлға тарапынан бір дана етіп толтырылады.
Толтырылғаннан кейін шекаралық бақылаудан өту нәтижелері бойынша талонға шекаралық бақылау бөлімшесінің мөрі қойылады, онда автомобиль өткізу пунктінің атауы мен көлік құралының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күні көрсетіледі.
Пункттен шыққан кезде талонның алынбалы бөлігіне шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау, сондай-ақ ерекше тауарлардың қозғалысына бақылау жүргізетін органдардың рұқсат белгілері қойылып, ол шекаралық бақылау бөлімшесіне қайтарылады.
Тауарларды есепке қабылдау күні туралы деректер мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде сақталады.
Егер тауар бірнеше салық төлеушіге тиесілі болса, тасымалдаушы немесе тауарға жауапты тұлға талон көшірмелерін барлық салық төлеушілерге береді.
Құжатта сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары автокөлік өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау бөлімшелерін талондармен қамтамасыз ететіні көрсетілген.
Бірлескен бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.