Ұлытау тұрғындарына жоғары технологиялық көмек қолжетімді болды
Сурет: BES.media
Операциялар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және "Қазақмыс" корпорациясының қолдауымен "Жезқазған" медициналық орталығының базасында жүргізілді.
Жоба кураторы – UMC Heart Center интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Өмірбек Мұздарұлы Нұралиновқа көпшілік айрықша үлкен алғыстарын білдіруде.
Бұл араласулар жүректің кенеттен тоқтап қалмауына бағытталған және Ұлытау өңірінің тұрғындарына МӘМС жүйесі шеңберінде мүлдем тегін орындалды. Бұған дейін мұндай қызметтерді алу үшін пациенттер Астана, Алматы және басқа да ірі қалалардың медициналық орталықтарына баруға мәжбүр болған. Енді кардиохирургиялық көмек жергілікті жерде қолжетімді болды, бұл емдеудің қолжетімділігі, шығындар мен күту уақытын қысқартады.

Сурет: BES.media
Алдағы уақытта осы бағытты кеңейту жоспарлануда: барлық осындай операциялар МӘМС жүйесі шеңберінде орындалатын болады және Ұлытау өңірінің әрбір сақтандырылған пациентіне қолжетімді болып қалады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Құжаттың басты мақсаты – өңір тұрғындарына сапалы және уақтылы медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау. Ол үшін медициналық нысандарды салу және күрделі жөндеу, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық кадрларды даярлау және тарту жөніндегі шаралар көзделген.
Тамыз айында Денсаулық сақтау министрінің Ұлытау өңіріне жұмыс сапары шеңберінде ғылыми орталықтар басшыларымен, UMC клиникаларымен, "Жезқазған" медициналық орталығының дәрігерлерімен, медициналық сақтандыру қорының мамандарымен жергілікті тұрғындар үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мәселелері талқыланды.
Ұлытауға жұмыс сапарынан кейін өңірдің медициналық ұйымдары қызметінің жұмысына кешенді талдау жүргізілді, жүйелі проблемалар анықталды және оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша шаралар ұсынылды.