Алматы "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында экологиялық шаралар күшейтілді
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бағдарлама аясында экологиялық білім беруді жүйелі жүргізу, мектеп оқушыларын, жастар ұйымдарын және белсенді тұрғындарды тарту, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайын күнделікті қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылып келеді.
Басты бағыттардың бірі — көгалдандыру. Көктемде қалада шамамен 2 мың ірі көлемді ағаш, 19 мыңнан астам көшет және 10 мыңнан аса бұта егілді. Күзде жұмыс жалғасын тауып, 3 мың ірі ағаш, 18 мыңнан астам көшет және шамамен 360 мың бұта егілді. Бұл шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға және жайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі — рейдтік іс-шаралар. Жыл басынан бері 6,2 мыңнан аса хаттама толтырылып, 5,5 мыңнан астам айыппұл салынды, айыппұлдың жалпы сомасы 518 млн теңгеден асты. Рұқсатсыз сауданы жою, заңсыз нысандарды бұзу, сондай-ақ автокөлік пен автобус шығарындыларының уыттылығын бақылау жүргізіліп отыр.
"Таза Қазақстан" бағдарламасының орындалуы тұрақты бақылауда. Қабылданған шаралардың тиімділігі үнемі бағаланып, қажет болған жағдайда түзетіледі. Негізгі мақсат — тұрғындар нақты өзгерісті сезінетін, таза, жайлы әрі экологиялық қалаға айналдыру.