Алатау ауданындағы өтемақы дауы: Алматы әкімінің орынбасары тұрғындармен кездесті
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Кездесу барысында әкім орынбасары қала басқармаларының өкілдерімен бірге тұрғындардың шағымдары мен сауалдарын тыңдап, қолданыстағы заң талаптарына түсініктеме берді.
"Қала қарқынды өсіп келеді. Инфрақұрылымдық жобалар – мектеп, емхана, спорт және мәдениет нысандары, метро бекеттері, магистральдық көшелер – қаланың дамуын талап етеді. Сондықтан кей аумақтарды қайта ұйымдастыруға тура келеді. Жер телімдері тәуелсіз бағалау арқылы нарықтық құнмен сатып алынады, әкімдік бағалау нәтижесіне әсер ете алмайды", – деді Бейбіт Шаханов.
Өжет шағынауданының бірқатар тұрғыны ұсынылған бағалаумен келіспейтінін, ал кейбірінде жер телімі мен құрылыстарға қатысты құқық белгілейтін құжаттар жоқ екенін айтты.
Шахановтың айтуынша, шамамен 30 меншік иесінде құжат рәсімдеуге байланысты қиындықтар бар. Қала басқармалары әр жағдайды жеке қарап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қажет болғанда мүлікті заңдастыруға жәрдем көрсетуге міндеттелді.
Кездесу қорытындысы бойынша Жер қатынастары басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп тұрғындармен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ бағалау компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, бағалау талаптарын кеңінен түсіндіру тапсырылды.
Тілендиев көшесін ұзарту: жоба кезеңдері
Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары аясында Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қаланың шекарасына дейін ұзарту қарастырылған. Жоба екі кезеңге бөлінеді:
1-кезең:
• Рысқұлов даңғылынан Сабатаев көшесіне дейін – 5,8 шақырым
• 123 жер телімін сатып алу жоспарланған
2-кезең:
• Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін – 4,9 шақырым
• 344 жер телімі сатып алынуы тиіс
Қазірге дейін 70 жер телімі сатып алынды.
Заңнама бойынша мемлекет мұқтажына жер нарықтық құны бойынша алынады. Бағалау меншік құқығының пайда болуына немесе құжаттардың толықтығына тәуелді емес — барлық жағдайда нарықтық құн негізге алынады.