Қарағандыда 80 шақырымнан астам жол жөнделді: Өңір басшысы халықпен кездесіп, өзекті мәселелерге құлақ түрді

Қарағандыда 80 шақырымнан астам жол жөнделді: Өңір басшысы халықпен кездесіп, өзекті мәселелерге құлақ түрді , сурет - Zakon.kz жаңалық 04.12.2025 16:33 Сурет: Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Диалог шамамен төрт сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында тұрғындар қаланың даму барысы, инфрақұрылымның жай-күйі және әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Биыл өңір басшысы облыстағы барлық қала мен аудандарды аралап шығып, барлығы 3,5 мыңнан астам адамды қамтыған 13 кездесу өткізді. Бұған қоса, 200-ге жуық тұрғынды жеке қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады. Жыл бойы халықтан 400-ден аса сауал келіп түсті.

Сурет: Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі

"Жыл ішінде барлық салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Қарағандыда жаңа жолдар салынып, сумен қамту мен жылу жүйесін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланы жайлы әрі ыңғайлы етуге ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, көпшілік жақсы білетін Оңтүстік-Шығысты Майқұдықпен жалғайтын жаңа жол салынып жатыр. Келесі жылы осы жобаны жалғастыру қажет – деген тапсырма қойып отырмын", – деді Ермағанбет Бөлекпаев кездесуде.

Ағымдағы жылы облыс орталығында 80 шақырымнан астам жол жөнделді, соның нәтижесінде көшелердің 85%-ы жақсы жағдайда.

Сурет: Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі

Қарағандылықтар "Халықтың қатысу бюджетін" іске асыруға белсенді қатысып, абаттандыру жобаларын өздері таңдауда. Жыл ішінде тұрғындардың бастамасымен 104 жоба жүзеге асырылды – жаңа спорт және балалар алаңдары, шағын скверлер салынды.

Ермағанбет Бөлекпаев қалалық билік шоғырлануы тиіс негізгі бағыттарды атап өтті. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, газдандыруды жалғастыру және шағын, орта бизнесті қолдау.

Сурет: Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі

Абаттандыру мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кездесу барысында тұрғындар "Шетсіз қала" тұжырымдамасына ризашылықтарын білдіріп, шет аймақтарда оң өзгерістер байқалғанын атап өтті. Олар осы бағыттағы жұмыстың жалғасуын, сондай-ақ жеке секторға жарықтандыру жүйесін орнату мен жолдарды асфальттауды сұрады. Қала әкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша, басты қағида – барлық инженерлік желілер толық жаңартылғаннан кейін ғана жол жөндеу жұмыстары қолға алынады.

Кездесу барысында медициналық қызмет сапасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселелері де талқыланды. Қалада көру қабілеті төмен азаматтарға арналған үстел теннисі залының қажеттігі айтылды. Бұл ұсынысқа байланысты облыс әкімі тиісті нұсқалар қарастырылатынын жеткізді.

Сурет: Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі

Шараға облыстық басқарма жетекшілері қатысып, кейбір сауалдарға сол жерде нақты түсініктеме берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін жайттар бақылауға алынды.

Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: