IT FEST 2025: Алматыда технологияға құштар жастар бас қосты
Сурет: ұйымдастырушылар
Фестиваль ауқымы қандай?
IT FEST 2025 хакатондар, робототехника, киберспорт, дизайн, анимация, стартап-жобалар сияқты түрлі бағытты біріктірді. Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, БАӘ, Корея Республикасы, Вьетнам, Ресей және Өзбекстаннан келген 3000-нан аса қатысушы мен 1000-ға жуық көрермен "идеялар алаңына" жиналды. Іс-шараның бас серіктесі - HALYK қайырымдылық қоры.
Фестивальге ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, сондай-ақ жетекші университеттердің ректорлары қатысты. Олар жастарды батыл болуға, жаңа белестерден қорықпауға және Қазақстанның цифрлық болашағы туралы сөз қозғады.
"Қазақстанның жаңа цифрлық дәуірге қандай қарқынмен қадам басатынын сіздер айқындайсыздар. Мұндай іс-шаралар – дарынды, белсенді және амбициясы мықты қазақстандық жастарды біріктірген маңызды алаң. Сондықтан қателесуден қорықпаңыздар. Ізденіңіздер, сынаңыздар, тәжірибе жасаңыздар. Егер қателессеңіздер - қайта бастаңыздар. Ең мықты идеялар дәл солай туады. Әлемді өзгерте алатын компаниялар да осылай пайда болады", – деді Саясат Нұрбек.
Университеттер альянсы және AI-Sana
IT FEST 2025 University Alliance of Science and Technology альянсының, сондай-ақ ұлттық AI-Sana бағдарламасының аясында өтті. KBTU машина оқыту, нейронжелілер және геймдев жобаларын таныстырса, AITU HandInHand, Genoplexity.AI, Cortex AI, Torsyq.kz сияқты шешімдерін көрсетті. UIB вебтун, дизайн және анимация бағытында байқаулар ұйымдастырды, ал IITU жасанды интеллект пен когнитив технологиялар саласындағы зерттеулерін ұсынды.

Сурет: ұйымдастырушылар
Жүлде қоры мен жастарға берілген
мүмкіндіктер
Айта кетейік, биыл 14-рет өткен фестиваль жастардың цифрлық дағдыларын шыңдап, заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттырған, нағыз қуатты платформаға айналды. Биылғы жалпы жүлде қоры шамамен 10 млн теңге болды.
Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған тректердің жеңімпаздары Альянс университеттерінде білім алуға 50%-дан 100%-ға дейінгі гранттар мен жеңілдіктерге ие болды. Ал "Қазақтелеком" компаниясының 1,5 млн теңге көлеміндегі арнайы жүлдесі техникалық тапсырманы үздік орындаған командаға табысталды.

Сурет: ұйымдастырушылар
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік жастар
Фестиваль қорытындысы бойынша бірнеше негізгі секцияда ондаған жүлдегер анықталды.
HACKATHON (Digital University және Digital School) секциясы бойынша үздік шыққан No Failures, No Success, Bad Action, Терминатор, Qore командалары білім гранттары мен ақшалай жүлделерге ие болды.
Startup Battle сайысында студенттер арасында EdMind, Genoplexity, QuttyBand жобалары озып шықса, мектеп оқушылары арасында Memory Care, MedScribe, QazSign әлеуметтік әсері жоғары стартаптарымен ерекшеленді. Көрермен көзайымы жүлдесі CortexAI командасына бұйырды.
"Кино және видео" бағытында студенттер мен оқушылар түсірген қысқаметрлі фильмдер отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық, психологиялық күй, әлеуметтік сезімтал тақырыптарды көтерді. 23.05, Manas34, Skypro, сондай-ақ TWL, Talkhizmedia, Cine Trio командалары шығармашылық көзқарасы мен техникалық деңгейі үшін марапатталды.
"Дизайн және анимация" секциясында Z-TEAM, OVERLOAD және жас иллюстратор Камила Рамазанованың жұмыстары заманауи стиль, storytelling және визуал мәдениетпен үйлесімі үшін жоғары бағаланды.
Робототехникада ГПТ, Abay Digital, L33 Tech Force командалары ерекше ойлау, прототиптер мен шешімдері арқылы алға шықты. Қосымша номинацияларда "Тындекс" (Best Engineering Solution), "Miras" (Best Web-interface), "TK Robotics" (Best Presentation) секілді командалар дараланды.
ITFEST CP CUP алгоритмдік олимпиадасында студенттер мен мектеп оқушылары арасындағы үздік нәтижелерді Мансұр Мамадахунов, Арсен Мужиков, Нұрлыбек Есболғанов, Исатай Исмағзи, Алдияр Сейтбай көрсетті.
Cybersecurity CTF жарысында Вьетнамнан келген Univer Sea командасы, сондай-ақ mimi cats (ҚазҰУ) және Пельмени (Astana IT University) командалары информқауіпсіздік саласындағы мықты дайындықтарын дәлелдеді.
Киберспорт турнирі CS, Dota және FIFA дисциплиналары бойынша 1,5 млн теңгелік жүлде қорымен еліміздегі киберспорт қауымдастығын біріктірді.
Робототехника секциясында 1-орын иеленген "ГПТ" командасының мүшесі Әлнұр Сембаев IT FEST 2025-ті кәсіби дамуына жаңа серпін берген алаң ретінде бағалады.

Сурет: ұйымдастырушылар
"IT FEST көп мүмкіндік берді. Роботымызды жасау үшін бірнеше ай бойы еңбек еттік. Ұйымдастырушыларға зор алғыс. Тек код жазып, темір құрастырған жоқпыз, команда болып шешім қабылдауды, жобамызды дұрыс таныстыруды да үйрендік. Мұндай фестивальдер көбейген сайын, Қазақстанда мықты жас инженерлер буыны қалыптасатынына сенемін. Еңбек ақталды", - деді ол.
Сондай-ақ, Вьетнамнан келген Univer Sea тобының мүшесі де жарыс ұйымдастырушыларына алғыс айтты.
IT FEST 2025 аясында бағдарламалау, робототехника, медиаөндіріс, дизайн, киберқауіпсіздік және киберспорт салаларында жүздеген қатысушы өз дарынын көрсетіп, қолдау тапты.