Мектеп мұғалімі оқушыларға ҰБТ-дан жоғары балл жинауға "көмектескен"
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сотталушы мектеп мұғалімі бола тұра, Ұлттық біріңғай тестілеуден өткізіп беру жайлы "қызмет" көрсеткен. Ол жәбірленушілермен сөйлесу барысында 1 балл 7 000 теңге болатынын жеткізген.
"Осылайша, 80 балл жинау үшін оған әр қайсысы 560 000 тенгеден ұсынған. Нәтижесінде, сотталушы өзінің қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетімен жәбірленушінің әр қайсысына 560 000 теңге материалдық шығын келтірген",- делінген мәліметте.
Сот отырысында сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады.
Осылайша, сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 23.06.2025 жылғы Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тағайындалған негізгі жазасының өтелмеген бөлігінің мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, "Ж" түпкiлiктi 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.