Қазақстанда 14 ақылы учаскеде төлемақы уақытша қалай қайта есептеледі
Сурет: pexels
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының хабарлауынша, бұл шешімнің мәні қарапайым: ақы тек талапқа сай, қауіпсіз жол бөлігі үшін ғана алынады. Ал ақауы бар тұстар толық қалпына келтірілгенге дейін тарифке кірмейді.
Жүргізушіге қалай әсер етеді?
Жолдың өзі ақылы болып қала береді, бірақ төлем мөлшері төмендетіліп есептеледі.
Ең маңыздысы – ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Төлем жүйесі бәрін автоматты түрде жүргізеді: ақауы бар бөліктерді өзі есептен шығарып, төлемді жаңаша шығарады.
Демек жүргізуші бұрынғыдан аз төлейді.
Бір мысал
Астана – Теміртау бағытында жеңіл көлік бұрын 410 теңге төлейтін. Ақаулы бөліктер уақытша есептен алынғаннан кейін төлем 360 теңге болады. Яғни жүргізуші жолдың "қалыпты", талапқа сай бөлігі үшін ғана төлейді.
Жоспар
Тарифті осылайша уақытша өзгерту ақаулар толық жойылғанға дейін сақталады. Ал ақауларды жөндеу жұмыстары биыл жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Бұдан бөлек, жолдың жай-күйі үнемі бақылауда болады – ақау байқалса, дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік жасалады.
Төлем мөлшерлемелері қайта есептелетін 14 учаске:
1. Көкшетау – Петропавл
2. Павлодар – Семей – Қалбатау
3. Павлодар – Омбы
4. Астана – Теміртау
5. Алматы – Қонаев
6. Қонаев – Талдықорған
7. Шымкент – Қызылорда
8. Орал – Самара
9. Орал – Саратов
10. Астана – Павлодар
11. Қызылорда – Арал
12. Ақтөбе – Орынбор
13. Қостанай – Троицк
14. Тараз – Қайнар