Ақтөбеде полицейлер дропперді ұстап, қомақты қаражаттың шетелге шығарылуына жол бермеді
Сурет: polisia.kz
Алдын ала тергеу барысында күдіктінің Ақтөбе аумағында дропперлерді басқарғаны, сондай-ақ жәбірленушілерден алдану жолымен алынған ақша қаражатын көршілес мемлекетке тасымалдап, кураторларына тапсырумен айналысқаны анықталды.
Үш жәбірленуші Instagram әлеуметтік желісіндегі жарнамаға сеніп, онда алаяқтар еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінің атауын пайдаланып, биржада акцияларды сату арқылы табыс табуды ұсынған. Нәтижесінде олар ақша қаражатын дропперлердің есепшоттарына аударған. Кейін күдікті бұл қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, шетелге алып шығуды жоспарлаған.
Үш жәбірленушіге келтірілген шығын 20 млн теңгені құрады. Аталған қаражат күдіктіден тәркіленіп, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің автокөлігі коммуналдық айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және белгісіз тұлғаларға ақша аудармауға үндеді. Күдік тудыратын ұсыныстар болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.