Қауіпті өндірістік нысандар жыл сайын тексеріледі – ТЖМ
Фото: primeminister.kz
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырабаев 2025 жылы қабылданған заңда көзделген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша заң қабылданды. Бұл заң өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді айтарлықтай күшейтеді.
"Ең алдымен, өнеркәсіптік қауіпсіздік Кәсіпкерлік кодекстің қолданысынан шығарылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың дербес тәртібі қалыптастырылды. 2026 жылдан бастап бұл сала тікелей салалық заңмен – "Азаматтық қорғау туралы" заңмен реттеледі. Жаңа тетік аясында тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен нысандар жыл сайын тексеріледі. Оларға өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын міндетті түрде тапсыратын қауіпті өндірістік нысандар, сондай-ақ зауыт-өндіруші белгілеген нормативтік пайдалану мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын объектілер жатады", – деді Ерболат Садырабаев.
Сонымен қатар жоғары тәуекел санатына жатпайтын субъектілер үш жылда бір реттен жиі тексерілмейді.
"Осылайша, жаңа механизм ықтимал қауіптілік деңгейін ескере отырып, бақылау мен қадағалауға жататын барлық субъектілер мен нысандарды толық қамтиды. Бұған қоса, тексеру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектісін 30 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету талабы алынып тасталды. Енді хабарлама тексеру басталардан бір жұмыс күні бұрын жіберіледі. Бұл бақылаушы органдарға қауіпті өндірістік нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нақты жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, тексерулер өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары негізінде жүргізіледі.
"Бақылау және қадағалау органдарына жоспарлы тексерулер қорытындысы бойынша құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту құқығы беріледі. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы реттеуші құралдар мен талаптарды енгізуге дейін және енгізгеннен кейін реттеушілік әсерге талдау жүргізу талабы алынып тасталды. Бұл қауіпсіздік мүддесі үшін қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өндірістік бақылауға ерекше мән беріледі. Барлық субъектілер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылау қызметін құруға міндетті. Бұл қызмет тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынады", – деп толықтырды ол.
Сондай-ақ қауіпті өндірістік нысандар мен техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану мақсатында пайдалану мерзімі өткен жабдықтарды уақтылы жаңарту міндеті енгізілген.
"Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жабдықтарды жаңарту жоспарларын келісу құзыретіне ие болады. Сонымен қатар кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, олардың меншігінде мүлік болуы міндеттеледі. Бұдан бөлек, "Азаматтық қорғау туралы" заңнан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметі ұғымы алынып тасталды. 2027 жылдан бастап қауіпті өндірістік нысандарды пайдаланатын ұйымдар құрған қызметтерді қоса алғанда, барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері тау-кен құтқару, газдан құтқару және фонтанға қарсы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттаудан өтуге міндетті", – деді Ерболат Садырабаев.
Бұған дейін Қазақстанда кейбір арнайы экономикалық аймақтардағы қызмет түрлері кеңейтілгенін жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript