Жақып Асанов: Конституция – қоғамның айнасы, ол заман талабына сай болуы керек
Фото: gov.kz
Оның сөзінше, құқықтық теорияда Ата заңның қоғаммен бірге дамуы – басты қағидалардың бірі саналады.
"Егер Конституция заман көшінен қалып қойса, бұл мемлекет үшін ең қауіпті жағдайға айналады. Өйткені Конституция – дәуірдің тілі, қоғамның айнасы. Айна ескі болса, бүгінгі шындықты көру қиын. Ал шындықты көрмеген мемлекет ертең дұрыс шешім қабылдай алмайды", – деді ол.
Сенатордың айтуынша, Конституция тек құқықтық құжат қана емес, ол – қоғамның құндылықтарын, басым бағыттарын және болашақ даму бағдарын айқындайтын стратегиялық негіз. Сондықтан оның мазмұны да, тілі де заманға сай, түсінікті әрі нақты болуы тиіс.
Жақып Асанов Ата заңның ішкі сапасы мен тілдік құрылымына да ерекше назар аударды. Оның пікірінше, заң мәтіні халыққа түсініксіз, күрделі әрі ауыр тілде жазылса, мұндай құжат іс жүзінде толық жұмыс істемейді.
Қазіргі қолданыстағы Конституция алғашында өзге тілде жазылып, кейін мемлекеттік тілге аударылғанын айтқан ол, осының салдарынан кейбір нормалардың тілі күрделі, мазмұны бұлыңғыр болып қалғанын жеткізді.
Ол құқық қорғау және сот жүйесінде қызмет еткен жылдарын мысалға келтіріп, тіпті қазақ мектебін бітірген мамандардың өзі кей жағдайда қазақша мәтінге емес, түпнұсқаға жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.
"Бұл мемлекеттік тілдің де, заңның да беделін түсіреді", – деді сенатор.
Асановтың атап өтуінше, жаңа Ата заң жобасының басты ерекшелігі – оның аударма емес, тарихта алғаш рет басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде жазылған төлқұжат болуы. Бұл құқықтық жүйенің сапасын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іс жүзінде нығайтуға жол ашады.
"Заңның әр сөзі орнықты, мағынасы анық болса, мемлекетте әділдік те салтанат құрады. Қазақта "Тіл түзелсе, төр түзеледі" деген сөз бар. Конституцияны сапалы мемлекеттік тілде жазу бүкіл заңнама саласына жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта заңдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын осы тұрғыдан қайта қарап шығу қажеттілігі туындайды", – деп түйіндеді ол.
Сенатордың пікірінше, Конституцияны жетілдіру – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүретін эволюциялық процесс. Бұл қадам қоғам сұранысына жауап беретін, әділ әрі тиімді мемлекет құрудың маңызды алғышарты болмақ.