Семейде "Ұстаз үшін бастарын оққа байлаған..." атты естелік тақта ашылды
Сурет: М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі
Іс-шара барысында ХХ ғасырдың күрделі кезеңінде ұстазы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев үшін шындық жолында күрескен Игенбек Төлеутаев, Төлеужан Мусин, Жүнісбек Нұрмұхамедов, Масғұт Бегалин сынды шәкірттердің азаматтық ерлігі кеңінен баяндалды.
"Сол уақыттағы ауыр саяси ахуалға қарамастан, жалған жалаға сенбей, әділдікті іздеуге бел буған түлектердің әрекеті – бүгінгі ұрпақ үшін нағыз батылдықтың үлгісі. Олар өз ұстазы – Әбікей Сәтбаев туралы тараған қауесетке көзсіз сенбей, ақиқатқа жету үшін алыстағы Қызылордаға аттанған. Бұл – тек ұстазға деген құрмет қана емес, бұл – ар-ожданның, азаматтық ұстанымның айғағы еді", делінген оқу орыны түсініктемесінде.
Шара барысында сол тарихи оқиға сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынылып, көрермен жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
Салтанатты жиынға Игенбек Төлеутаевтың ұлы – Төлеутаев Шахмұрат Игенбекұлы және Төлеужан Мусин әулетінің өкілдері қатысып, өткен күндердің естелігімен бөлісті. Бұл кездесулер студенттер үшін тірі тарихпен жүздескендей әсер қалдырды.
"Ұстаз үшін бастарын оққа байлаған..." атты естелік тақта - тек өткеннің оқиғасы емес, бұл – әр шәкірттің жүрегінде жаңғырып тұратын рухани үндеу. Ұстазды ұлықтау – мәңгілік парыз екенін еске салған тағылымды кеш баршамыздың жадымызда ұзақ сақталары сөзсіз.
Айта кетсек, Әбікей Зейінұлы Сәтбаев 1881 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданының Шадыра ауылында туған, нақақтан нақақ ұсталып, түрмеге жабылып, 56 жасында атылып кеткен көрнекті педагог. Ол бар күшін, білімін, тәжірибесін мектеп қалыптастыру ісіне арнаған. Оның жетекшілігімен ауылдарда сауатсыздықты жою акциясы жүргізілді.

Сурет: М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі