Атырау облысында вирустық аурулардың өршуіне байланысты малды тасымалдау мен сатуға шектеу қойылды
Фото: primeminister.kz
"Ақ Жайық" басылымының 2026 жылғы 18 ақпандағы мәліметінше, Исатай ауылдық округінде 213 бас ірі қарадан ауру анықталған. Ал Зинеден округінде тағы 119 мал ауырған. Мамандардың айтуынша, жануарларға инфекциялық вирустық диарея мен ринотрахеит диагнозы қойылған.
Қазіргі таңда Исатай округінде 91 мал емделіп, табынға қайта қосылды. Зинеденде 81 бас малдың жағдайы жақсарып қалды. Ветеринарлардың мәліметінше, ауырған малдарға антибиотиктер беріліп жатыр, ал шаруашылықтар мен жеке аулаларда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Әлсіреген малдарға Орал қаласынан жеткізілген бидай ұны берілуде. Алдағы күндері 80 тонна жемдік астық жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ көрші аудандардан шөп тасымалданып жатыр.
Аудан әкімі Нұрым Мусиннің айтуынша, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Барлық жеті ауылдық округ толық көлемде жем-шөппен қамтамасыз етіледі.
Ірі қара малды тасымалдау және сатуға қатысты шектеу эпизоотиялық ахуал толық тұрақталғанға дейін күшінде болады.
Бұған дейін Іле Алатауында үш Үнді жайрасы фототұзаққа түскенін жазғанбыз.