Ақмола облысында азаматтарды жаппай жалған тіркеу дерегі анықталды

Ақмола облысында азаматтарды жаппай жалған тіркеу дерегі анықталды, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.02.2026 21:00 Сурет: polisia.kz
Ақмола облысында полиция қызметкерлері 18-21 ақпан аралығында өтіп жатқан "Резеңке пәтер" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарды тұрғылықты жері бойынша жалған тіркеу деректерін анықтау. Яғни нақты тұрмайтын азаматтарды бір тұрғын үйге жаппай тіркеу фактілерінің жолын кесу. Мұндай заңбұзушылықтар көбіне материалдық пайда табу мақсатында жасалады.

Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 73 мобильді топ құрылып, олардың құрамына 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Іс-шараның алғашқы күнінде 1994 азамат тіркелген 95 жылжымайтын мүлік нысанының 17 мекенжайы тексерілді.

Тексеру нәтижесінде тіркеуде тұрған 787 азаматтың нақты осы мекенжайларда тұратыны анықталса, 32 азаматтың іс жүзінде тұрмайтыны белгілі болды. Сонымен қатар тұрғын үй иелерінің өтініштері негізінде 22 азамат тіркеу есебінен шығарылды.

Сондай-ақ Зеренді ауданының Чаглинка ауылында осындай мекенжай дерегі анықталды. Тұрғын үй иесінің айтуынша, үйде нақты 9 адам ғана тұрады. Алайда аталған мекенжайда тағы 16 азамат тіркелген, бірақ олар бұл жерде тұрмайды. Үй иесінің түсіндіруінше, бұл азаматтар уақытша тіркеуге қойылған және олардың кейбірі осы мекенжайда тіркелгендерін ұмытып кеткен.

Аталған дерек бойынша тұрғын үй иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция қызметкерлері жалған тіркеу деректерін анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда екенін және алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: