Шымкентте жауын-шашыннан кейін көшенің бір бөлігі шөгіп кетті
Сурет: otyrar.kz
Асфальттың опырылуы салдарынан жақын маңдағы екі жеке тұрғын үй сусыз қалған. Жаңбырдан кейін жер астындағы су құбырына зақым келген. Тұрғындар шөккен жер бес күн бойы сол күйі жатқанын айтып, балалардың құлап кетуінен қауіптенгендерін жеткізді, деп хабарлады otyrar.kz.
"Жаңбыр қатты жауды. Одан кейін жол бірден шөгіп кетті. Су астындағы шлангіні қысып, үзіп жіберген. Екі көршіміз сусыз қалды", – дейді тұрғындардың бірі.
Тағы бір тұрғын жолдың жарылып, көліктердің өте алмай қалғанын, балалардың мектепке қатынауы қиындағанын айтады.
Қазіргі уақытта опырылған бөліктің асфальты алынып, орны уақытша топырақпен жабылған.
Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған көше 2025 жылдың шілде-тамыз айларында Atash Trans Logistics ЖШС тарапынан салынған. Жол құрылысы кезінде, соның ішінде асфальт төсеу және негізін нығыздау барысында "Ұлттық сапа орталығы" сараптама жүргізген.
Басқарма мамандарының тексеруі барысында асфальтбетон жабындысының астында бұрын кәріз құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілгені анықталған. Дәл осы учаскеде топырақтың отыруы салдарынан жол жабыны шөккен.
Құзырлы орган ақаулар мердігер компанияның есебінен қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Себебі, жол құрылысына бес жылдан астам кепілдік берілген. Қазір мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына дайындықты бастап кеткен. Көшені толық қалпына келтіру наурыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.