Қазақстанда жүздеген жаңа су көзі анықталды
Фото: pexels
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан аумағындағы барлық бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі күні 711 әлеуетті бұлақ айқындалған.
"Сонымен қатар, қор және архивтік материалдар негізінде ел аумағындағы 2772 бұлақтың картасы жасақталды. Айта кету керек, су ресурстары тапшылығы жағдайында бұлақтар қосымша су көзі ретінде қарастырылады", – делінген ведомствоның 2026 жылғы 23 ақпандағы хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда ауызсу және техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суларының 4803 кен орны барланған.
Мемлекеттік баланста тәулігіне 43,2 млн м³ көлеміндегі пайдалануға жарамды қор тіркелген. Оның ішінде қазіргі уақытта шамамен тәулігіне 1,5 млн м³ немесе 3,6%-ы ғана пайдаланылып отыр.
Бұған дейін Жамбыл облысының Сарысу ауданында жергілікті шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету үшін 10 жыл бойы пайдаланылмаған каналдарды механикалық тазалау жұмыстары басталғаны хабарланған болатын.