Алматыда қызылшамен ауырғандардың саны артты

Алматыда қызылшамен ауырғандардың саны артты, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.03.2026 17:42 Сурет: akorda.kz
Алматыда жыл басталғалы бері қалада осы ауруды жұқтырған 591 адам тіркелген, олардың басым бөлігі – вакцина алмаған балалар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, аурушаңдықтың өсуі былтырғы қараша айында басталған. Сол кезде қызылшамен ауырған 30 адам тіркеліпті. Желтоқсанда олардың саны 142-ге дейін өсіп, қазір барған сайын көбейп барады. Жыл басынан бері аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 26,9-ды құрады.

"Алматы қаласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2026 жылдың басынан бері біз 591 расталған жағдайды тіркедік, аурушаңдықтың өсімі ұлғайып барады. Инфекцияның таралуының негізгі себебі – вакцинацияның болмауынан", – деді спикер.

Ең көбі Алатау ауданында – 239, сондай-ақ Наурызбай, Бостандық пен Әуезов ауданында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 89 пайызы қызылшаға қарсы егілмеген. Вакцина алмаудың негізгі себептері – екпеден бас тарту, медициналық қарсы көрсетілім мен екпе жасына жетпеу болған.

"Қызылшамен көбіне екпе алмағандар ауырып жатыр. 591 адамның 527-сінде вакцинация болмаған, оның жартысынан астамы – ата-анасы бас тартқандар. Бұл инфекцияның таралуы мен эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне тікелей әсер етеді", – деп атап өтті Алпысбайұлы.

Жас құрылымы бойынша сырқаттанғандардың 94 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе бір жасқа дейінгі және бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар осал топқа кіріп отыр. Ауырғандардың басым бөлігі балабақшаға бармайтын ұйымдастырылмаған балалар. Сонымен қатар мектеп пен мектепке дейінгі ұйымдарда да қызылшамен ауырғандар тіркеліп, эпидемияға қарсы қосымша іс-шаралар енгізілді.

"Аурудың барлық ошағында жедел түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Алты мыңнан астам байланыста болған адам медициналық бақылауға алынды, 700-ден астам адам эпидкөрсеткіш бойынша вакцинацияланды. Мектептер мен балабақшаларда таңертеңгі сүзгі күшейтіліп, жаппай іс-шаралар шектеліп, екпе алмаған балалар уақытша бөлінді", – дейді қаланың бас санитариялық дәрігері.

Алматыда балаларды толықтыру мен қосымша иммундау жұмысы қолға алынды. Бір жас пен алты жаста, сондай-ақ бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларды және 6 айдан 10 айға дейінгі сәбилерді қосымша жоспарлы вакциналау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қызылшаға қарсы 7 мыңнан астам бала екпе алды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары вакцинация қызылша мен оның асқынған түрінен қорғанудың жалғыз тиімді жолы екенін атап өтіп, ата-аналарды балаларына уақытылы екпе салдыруға шақырады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: