Абай облысында қос азаматтығы бар үш адам анықталды

Абай облысында қос азаматтығы бар үш адам анықталды, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.03.2026 22:05 Сурет: polisia.kz
Абай облысында полиция көші-қон талаптарын бұзған азаматтарды анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полицияның мәліметінше, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа қатаң түрде тыйым салынған. Бұл талап "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңының 3-бабында нақты көрсетілген.

"Аталған бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматына басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды. Сондықтан Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтары басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған жағдайда, заңда көзделген тәртіпті сақтау маңызды. Яғни, шетел азаматтығын алған күннен бастап 30 тәулік ішінде Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне немесе тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына жүгініп, Қазақстан азаматтығынан шығу рәсімін тіркеуі қажет. Бұл талаптарды орындау – азаматтардың құқықтық жауапкершіліктен қорғануына және заң талаптарының сақталуына мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген полиция таратқан хабарламада.

Атап айтқанда, 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 496-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (432 500 теңге) салынады немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарып жіберу шарасы қолданылуы мүмкін.

Абай облысы аумағында жыл басынан бері жүргізілген тексеру және бақылау жұмыстарының нәтижесінде қос азаматтық фактісі бойынша 3 адам анықталды. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы үш айында Абай облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы аудандық бөлімшелермен бірлесіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы 43 өтінішті тіркеді.

Осыған байланысты азаматтарға заң талаптарын сақтап, азаматтық мәселелеріне қатысты рәсімдерді уақытылы орындау қажеттілігі тағы да ескертіледі.

"Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Бұл – елдің заңнамасында нақты бекітілген талап. Сондықтан басқа мемлекеттің азаматтығын алған Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтары белгіленген мерзімде бұл туралы міндетті түрде хабарлауы тиіс. Көші-қон қызметі заң талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Біз азаматтарды құқықтық жауапкершілікке тап болмас үшін заң талаптарын сақтауға және барлық рәсімдерді уақытылы орындауға шақырамыз", – деді Бауыржан Иманғажанов.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: