Алматыда қауіпті қалдықтар мен сирек кездесетін қайта өңделетін шикізатты жинау акциясы өтеді
Сурет: freepik
Іс-шараға "Eco Almaty" ЖШС қатысып, жиналған қалдықтардың бір бөлігін қауіпсіз кәдеге жаратуға және қайта өңдеуге жіберуді қамтамасыз етеді.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, акция барысында қала тұрғындарынан 17-ден астам түрлі қайта өңделетін қалдық түрі қабылданады. Олардың қатарында пластик, макулатура, шыны, консерві банкілері, пенопласт секілді кең таралған қалдықтармен қатар сирек кездесетін фракциялар да бар. Атап айтқанда, электронды техника, сынап құрамды қалдықтар және мерзімі өткен дәрі-дәрмектер қабылданады.
Сонымен қатар тұрғындар қайырымдылық ұйымдарына киім-кешек, аяқ киім, кітаптар мен тұрмыстық заттарды тапсыра алады. Іс-шара аясында кітап алмасу, бөлме өсімдіктерімен алмасу және Дармарка ұйымдастырылады. Дармарка – қажетсіз заттарды тегін беріп, өзіңізге қажетті дүниені алып кетуге болатын арнайы алаң.
Мұндай экологиялық акциялар қала тұрғындарының табиғатты қорғау мәселесіне деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Бұған дейін өткізілген іс-шаралардың бірінде небәрі 4 сағаттың ішінде 2 тоннадан астам қайта өңделетін шикізат пен қайта пайдалануға жарамды заттар жиналған. Әрбір акция сайын қатысушылар саны да, экология мәселесіне бей-жай қарамайтын тұрғындар қатары да артып келеді.
Өтетін күні: 2026 жылы 9 наурыз (дүйсенбі)
Уақыты: 12:00-15:00
Өтетін орны: Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы (Абай даңғылы, 44)
Ұйымдастырушы: Recycle Birge экологиялық қозғалысы.