Стоматологиялық клиникадағы қайғылы оқиға: сот шешімі жарияланды
Фото: primeminister.kz
Іс материалдарына сәйкес, трагедия 2022 жылы Оралдағы жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде болды. Қала тұрғыны дәрігерге тісін емдеу үшін жүгінген. Қабылдау кезінде пациентке ауырсынуды басатын инъекция жасалып, содан кейін стоматологиялық ем жүргізілген.
Процедурадан кейін әйелдің жағдайы нашарлап, әлсіздік пен бас айналу белгілері пайда болған. Жедел жәрдем шақырылып, пациент ауруханаға жеткізілген, бірақ екі аптадан кейін қайтыс болған.
Сотта дәрігер былай деп түсіндірді:
"Пациенттің қысымы 140 екендігін, еш жерде есепте тұрмағанын айтты. Сонымен қатар, эндодонтиялық ем және жергілікті анестезияға келісім берді. Кез келген анестетик сияқты, ол қысымды көтеруі немесе төмендетуі мүмкін. Пациенттің бірнеше созылмалы аурулары бар екені анықталмаған, олар карточкада көрсетілмеген".
Оқиңа кезінде дәрігердің медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін сертификаты мерзімі өткен болған.
Оқиға бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды, куәлар сұралды және медициналық көмек көрсету жағдайлары зерттелді. Тергеу қорытындысы сотқа жолданды.
Сот барысында дәрігердің әрекеттері мен көрсетілген көмек медициналық стандарттарға сай келуі қаралды. Алайда істі қарау кезінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен.
2026 жылғы 6 наурыздағы үкім бойынша дәрігер кінәлі деп танылғанымен, мерзім өтуіне байланысты жазадан босатылды.
Үкім тапсыру күнінен бастап 15 күн өткен соң заңды күшіне енеді. Іс тоғыз айға жуық қаралған.
Бұған дейін жеке стоматология директорына алаяқтық күдігі бойынша іс қозғалғаны хабарланған еді.