Қалта ұрлығының алдын алу: Алматыда полиция тұрғындарға жадынама таратты
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Онда қылмыскерлер жиі қолданатын тәсілдер мен азаматтардың жеке мүлкін қорғауға бағытталған практикалық кеңестер қамтылған.
Полиция қызметкерлері дайындаған ақпараттық брошюрада қалта ұрыларының әрекет ету схемалары жан-жақты түсіндіріліп, тұрғындарға қылмыстың құрбанына айналмаудың қарапайым әрі тиімді жолдары ұсынылған.
Атап айтқанда, азаматтарға жеке заттарын сақтаудың негізгі ережелері мен сақтық шаралары туралы мәлімет берілген. Жадынамада әсіресе адамдар көп шоғырланатын орындарға ерекше назар аударылған. Қоғамдық көлік, базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтары сияқты қоғамдық кеңістіктерде қалта ұрлығы жиі тіркелетіні атап өтіледі.
Полицияның мәліметінше, қалта ұрылары көбіне қалың көпшілік арасында әрекет етіп, азаматтардың назарын басқа жаққа аудару арқылы олардың бейқамдығын пайдаланады. Мұндай жағдайда қылмыскерлер өте жылдам қимылдап, жәбірленуші байқап үлгермей тұрып әрекетін жүзеге асырады. Қазіргі уақытта дайындалған ақпараттық материалдар қала тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын орындарда таратылып жатыр.
"Қалта ұрлығы көбіне қоғамдық көліктерде, базарларда және сауда орталықтарында орын алады. Қаскөйлер азаматтардың бейқамдығын пайдаланып, көз ілеспес жылдамдықпен әрекет етеді. Біз әзірлеген ақпараттық брошюрада қалта ұрылары жиі қолданатын тәсілдер мен азаматтарға арналған қарапайым, бірақ тиімді кеңестер қамтылған. Бұл ұсыныстар жеке заттарды сақтауға және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі", – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.